Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

You are here

Жаңалықтар

1811/19
Пять основных направлений новой жилищной программы «Нұрлы жер» на 2020-2025 года

2020-2025 жылға арналған "Нұрлы жер" жаңа тұрғын үй бағдарламасының бес негізгі бағыты

2019 жылғы 18 қарашада Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов "Нұрлы жер" жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған негізгі бағыттары туралы айтып берді.

Бағдарламада 2015-2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық дамытудың және Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламаларынан жылумен, сумен жабдықтау және су бұру, коммуналдық секторды жаңғырту, үйлерді жөндеу мәселелері біріктірілген.

«Бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру» атты бірінші міндеттің шеңберінде тұрғын үйге қолжетімділік сатысы енгізіледі. Айқындаушы фактор – халықтың табысы.

Отбасы мүшесіне шаққанда бір ең төмен күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар азаматтарға (29,7 мың теңге) сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй ұсынылады (жетім балалар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, зейнеткерлер және т.б.).

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бұрынғысынша

2 ең төмен күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар азаматтарға (59,4 мың теңге) қолжетімді болады (көпбалалы, толық емес және мүгедек балалары бар отбасылар).

3,1 ең төмен күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар азаматтарға (92 мың теңге) «5-20-25» бағдарламасы бойынша әкімдіктердің кредиттік тұрғын үйлерін алу мүмкіндігі беріледі.

Табысы 3,1 ең төмен күнкөріс деңгейінен асатын азаматтарға «7-20-25» бағдарламасы ұсынылады.

Табысы 5 күнкөріс деңгейінен асатын адамдар (148,5 мың теңге) бастапқы және кейінгі нарықтан тұрғын үй сатып алу үшін қолданыстағы нарық өнімдерін пайдалана алады (Ұлттық банктің "Баспана-хит", Қазақстан Ипотекалық компаниясының "Орда", Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің "Өз үйім").

Баспана алудың ашықтығы мен бірыңғай жүйелік есепке алуды қамтамасыз ету үшін Кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық базасы енгізілуде.

Аталған базаның деректері кезекте тұрған адамдар арасында тұрғын үйдің қолжетімділігін анықтау үшін пайдаланылатын болады, бұл мемлекеттік қолдаудың нақты адамға берілуі мен мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз етеді.

Бағдарламаның екінші міндеті - халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету.

Қалалық елді мекендерде республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 4188 шақырым сумен жабдықтау (2420 км) және су бұру (1768 км) желілерін салуды жоспарлап отырмыз.

Желілерді қайта құру үшін бюджеттен тыс қаржыландыру, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің тетіктері және халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздары пайдаланылатын болады.

Халық саны 200 адамға жетпейтін ауылдарда сумен жабдықтау мәселесі суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату арқылы, ал халық саны 200 адамнан асатын ауылдарда – орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелері арқылы шешілетін болады.

2023 жылға қарай орталықтандырылған сумен жабдықтауға 100% қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарлануда.

Сондай-ақ, кәріздік-тазарту құрылыстарын салу және қайта құру мәселелері шешілуде.

86 қалалық елді мекеннің 58 елді мекенінде ғана тазарту қондырғылары бар, олардың орташа тозуы 60%-дан асты.

53 кәріздік-тазарту құрылыстарын қайта құру мен салуға Халықаралық қаржы ұйымдарынан 328 млрд. теңге көлемінде қаражат тарту жоспарланып отыр.

Халықаралық қаржы ұйымдары Үкіметтің кепілдігімен

15 жылға дейінгі мерзімге кредит бөлуге дайын екендері туралы мәлімдеді.

Анықтама: борышқа қызмет көрсету үшін тарифті субсидиялау қажет (жылына 25 млрд. теңге)

Бұл 3 жыл ішінде қалалардағы кәріздік-тазарту құрылыстарын толық жаңғыртуға және 2024 жылға қарай 100% қамтуға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Бағдарламаның үшінші міндеті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғыртуға және дамытуға бағытталған.

Қазақстан бойынша жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 11511 шақырымды құрайды, олардың орташа тозуы 60%-ды құрайды.

3 381 шақырым желі әбден тозған, яғни, оларды қайта құру қажет.

Әбден тозған желілерді ауыстыруға бюджеттік кредиттеу тетігі шеңберінде 240 млрд. теңге жұмсау ұсынылады.

Төртінші міндет тұрғын үй қорын күрделі жөндеу және қайта жаңарту шараларын көздейді.

Бүгінгі күні республиканың тұрғын үй қорында 78 мыңнан астам көппәтерлі үй бар, оның ішінде 18 мың үйге күрделі жөндеу қажет.

2020-2021 жылдары өңірлерге осы мақсаттарға 30 млрд. теңге қаражат бөлінеді деп жоспарланып отыр, бұл шамамен 700 үйді жөндеуге мүмкіндік береді және 126 үй айналымдағы қаражат есебінен жөнделеді.

Бесінші міндет шеңберінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жетілдіру бойынша мынадай шаралар қабылданып жатыр:

- жаңа нормативтерді, үлгілік жобаларды, жалпы мемлекеттік маңызы бар қала құрылысы жобаларын әзірлеу және қолданыстағыларын өзектендіру;

- нормативтік-құқықтық актілер мен техникалық құжаттарды цифрландыру (BIM-технологиялар), және қала құрылысы кадастрын дамыту.

Құрылыс процестерінің ашықтығын белгілеу және құрылыс сапасын бақылау мақсатында «Е-Құрылыс» бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірлену үстінде.

"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 2018 жылы 12,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, яғни, еліміздің бір тұрғынына шаққанда 0,68 шаршы метр.

Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш (Ресей - 0,54 ш.м, Беларусь - 0,40 ш. м, Өзбекстан - 0,36 ш. м).

Бір тұрғынға шаққандағы баспанамен қамтамасыз етілу көрсеткіші 21,9 шаршы метрге жетті. Жоспар бойынша, бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 30 шаршы метрге дейін жеткізу.

Осы жылдары тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көш бастағандар, бұл Нұр-Сұлтан (6,0 млн. шаршы метр), Алматы (5,5 млн. ш. метр) қалалары, Маңғыстау (3,0 млн. шаршы метр) және Ақтөбе (2,4 млн. шаршы метр) облыстары.

Республика бойынша жылдық жоспар 13 млн. шаршы метр.

Дегенмен, Нұр-Сұлтан қаласында 10 айдың қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны 35,8%-ға төмендегеніне байланысты, жоспарланған көлемге жетуге әсерін тигізуі мүмкін.

Анықтама: 2019 жылға жоспарланған 2,7 млн. шаршы метр көлеміне қарағанда күтілетін пайдалануға беру 1,7 млн. шаршы метрді құрайды.

10 айдың қорытындысы бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес өңірлерге 59,3 млрд. теңге аударылды, 56,3 млрд. теңге немесе 96,1% игерілді.

Түркістан (36,6%), Батыс Қазақстан (91,8%), Қарағанды (91,3%) облыстарында қаражаттың игерілу көрсеткіші төмен.

Сот үдерістері мен жобалау-сметалық құжаттаманың түзетілуіне байланысты бірқатар өңірлер бөлінген қаражатты жылдың соңына дейін қайтаруды жоспарлап отыр.

Сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй бойынша жобаларды іске асыру кезінде Павлодар (79,9% игерілді), Қарағанды (86,5% игерілді), Атырау (89,8% игерілді), Ақмола (90,6% игерілді) облыстарының әкімдіктері бөлінген аражатты толық игермеген.


Біздің жаңалықтарымызға жазылғыңыз келеді ме?

© 2020

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті