Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

You are here

Жаңалықтар

0801/20
Вступил в силу новый Закон по вопросам ЖКХ

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша жаңа заң күшіне енді

Мемлекет басшысы 2019 жылғы 26 желтоқсанда қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын реттейтін бұл заң қазіргі таңда кезігіп отырған саладағы бірқатар мәселелерді шешеді. Оның ішінде көп пәтерлі тұрғын үйлерді кондоминимум нысаны ретінде тіркеуді реттейді және оңтайландырады, пәтерлер және тұрғын емес үй-жайлар иелерінің үйді басқарудағы құқықтарын қамтамасыз етеді, көп пәтерлі үйлерді басқарушылар мен басқарушы компаниялар қызметтерін реттейді, ортақ мүлікке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудің жаңа тетіктерін енгізеді, пәтерлерді пайдалану, оларды тұрғын емес үй-жайларға ауыстыруда тұрғындардың келісімін алу сияқты мәселелерді реттейді, жеделсатыларды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін ұлттық стандарттар қолдануды, қызмет көрсетушілерді аттестаттаудан өткізуді және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыруды қарастырады.                    

Айталық, бұған дейін ортақ мүліктің дұрыс пайдаланылмайтыны туралы азаматтар тарапынан көптеген арыз-шағым айтылып келді. Енді жаңа заң бойынша көп пәтерді үйді кондоминимум нысаны ретінде тіркеу керек. Оның жалпы ауданы анықталып, мүлік иесінің әрқайсының жеке үлесі айқын көрсетіледі. Яғни, үйді басқаруда тең құқыққа ие болады. Пәтер иелерінің келісімінсіз жалпы мүлікті сатуға немесе жалға беруге заңмен тыйым салынады. Кейбір құрылыс компанияларды үйді тіркемей тұрып, жертөле, ірге қабаттар сияқты ортақ мүлікті сатып жіберетін. Енді оған да тосқауыл қойылып, кондоминимумның нақты ауданы үйді жоспарлау барысында айқындалады.

Көп пәтерлі үйлерді бұған дейін негізінен пәтер иелері кооперативтері басқарып келді. Олардың қызметіне көптеген сындар айтылды. Немесе құрылыс компаниялары меншік иелерімен келіспей, өздерінің басқарушы компанияларының қызметін таңатын. Жаңа заң бойынша пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері басқарудың екі формасының бірін таңдауы тиіс: заңды тұлға ретінде мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) құрады немесе барлығы бірлесіп басқаратын қарапайым серіктестік болады. Екі түрінде де «бір үй - бір бірлестік немесе қарапайым серіктестік - бір шот» қағидаты жұмыс істейді. Яғни, әр үйдің тұрғындары өз қаржыларын өздері басқарып, пайдалана алады. Немесе үйді басқару міндетін басқарушы адамға немесе басқарушы компанияға жүктей алады.

Заң бойынша пәтер иелерінің жиыны жоғарғы басқару органы болып саналады. Яғни, ортақ мүлікті басқару және оны күтіп-ұстау мәселелерін кеңесіп шешеді. Үй кеңесінің, ревизиялық комиссияның мүшелерін сайлап, қызметіне риза болмаса олардың өкілеттіліктерін тоқтата алады. Үйді басқару формасын таңдап, шығындар жоспарын бекітеді. Үйге күрделі жөндеу жүргізу, ортақ мүлікті жалға беру сияқты маңызды шешімдерді қабылдайды.

Заңда үйді басқару міндеті жүктелетін адам немесе басқарушы компанияға нақты түсінік беріліп, олардың құқықтары мен міндеттері анық көрсетілген. Ортақ мүлік нысандарына күрделі жөндеу жүргізудің жаңа тетіктері енгізіледі. Меншік иелерінің бұл мақсатқа қаржы жинау тәртібі, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сақтандыру жайы, жинақтаушы шотқа салынатын қаражат көлемі айқындалады.

Сондай-ақ, жаңа заң талаптары бойынша тұрғын емес үй-жайлар пәтерлерден оқшауландырылып, өздерінің бөлек есіктері болуы тиіс. Және бұл талап енді хостелдерге де таралады. Түнгі мезгілде тыныштық сақтау, айналадағы кісілердің мазасын алатын шу шығаратын жұмыстар жүргізбеу, темекіні арнаулы орындарда ғана тарту сияқты өзге де талаптар айқындалады.

Жеделсатыларды қауіпсіз пайдалану саласындағы мәселелерді шешу үшін бірқатар шаралар қарастырылған. Бұл мақсатта енді ұлттық стандарт әзірленіп, қызмет көрсетумен айналысатын заңды тұлғаларды аттестаттау көзделген. Саладағы жергілікті атқарушы органдар мен уәкілетті органның құзыреті айқындалады.         

Тұрғын үй коммуналдық салада барлық бизнес үрдістердің ашықтығын қамтамасыз ету және барлық тараптың өзара іс-әрекетін жақсарту мақсатында саланы цифрландыру шаралары атқарылады. Ол үшін электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпарат жүйелері енгізіледі. 

Жалпы алғанда, жаңа заң көп пәтерлі үйлерді күтіп-ұстауды жақсартуға, мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін жаңа деңгейге көтеруге, пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерін ортақ мүлікті басқаруға және туындайтын мәселелерді шешуге белсене атсалысуға ынталандыруы тиіс.


Біздің жаңалықтарымызға жазылғыңыз келеді ме?

© 2020

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті