Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

You are here

ВІМ-технологиялар – құрылыс саласын ақпараттық модельдеу технологиялары (ҚСАМТ). Қазақстан Республикасының құрылыс саласын дамыту үшін жаңа мүмкіндік

Қазіргі уақытта, Қазақстанның құрылыс саласында ақпараттық модельдеуді практикалық қолдануды Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті белсенді іске асырып жатыр.

ВІМ-технология (ҚСАМТ) дегеніміз не?

Ақпараттық модельдеу немесе ВІМ-технология кейін қалыпты сызбалық және есептік-сметалық құжаттама, сондай-ақ құрылыс объектілерін құрудың жаңа сатылары үшін модельдер пайда болатын объектінің цифрлық моделін құруды көздейді. Модельдер ғимаратпен жұмыс істеудің әрбір кезеңінде  пайда болатын ақпараттың мұрағатқа сақтауға берілмей, жұмыстың кейінгі кезеңдерінде пайдаланылатынын, өзгертілетінін және толықтырылатынын білдіреді.

Деректер құрылыстың бүкіл өмірлік циклі бойынша ақпараттық 3D-модельге қосылады. Олар тұжырымдамаларды жоспарлау және жасау, материалдар мен құралдарды сатып алу, жобаның әртүрлі учаскелеріндегі жұмыстарды басқару және үйлестіру, ғимаратты пайдалану және кейін реконструкциялау үшін қажет. Ақпараттық модель инвесторлар, инжинирингтік компаниялар, жобалау, құрылыс және пайдалану ұйымдары үшін жалғыз және ең сенімді деректер көзіне айналады.

Тұтастай алғанда, құрылыс саласын ақпараттық модельдеу технологиясы (бұдан әрі – ҚСАМТ) ақпаратты басқару процестерінің дұрыстығын қамтамасыз етеді.

BIM-технологияны (ҚСАМТ) қолдану тиімділігі

ВІМ-технологияларын қолдану бойынша көшбасшы болған елдердің тәжірибесі туралы айтуға болады. Қолдану оң бағаланған, алайда олар біржолғы пилоттық жобаларға бағытталады және  жүйелік зерттеулердің қорытындыларын бермейді.

Стэнфорд университетінің Объектілерді кешендік жобалау орталығының (CIFE) деректері бойынша, ВІМ-технологияларын қолдану сметалық есептердің дәлдігін 3 %-ға дейін арттыруға, сметаларды әзірлеу уақытын 80 %-ға азайтуға және 7 %-ға дейін жобаны орындау уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. McGraw Hill Construction америкалық ақпараттық-талдамалық агенттігі зерттеулерінің деректері бойынша, ВІМ-технологияларын пайдалану құрылысқа кететін шығындарды 20 %-ға азайтуға қол жеткізуге, сондай-ақ жобаның жалпы сапасын 55 %-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Жобалау кезеңіндегі ВІМ-технология (ҚСАМТ)

Ғимараттың 3D-ақпараттық моделін қолдану әртүрлі мамандар мен ұйымдар құратын ғимарат жүйелерін біріктіріп жинауға,  үйлестіруге және келісуге мүмкіндік береді. Бұл жобалау кезеңіндегі кез келген келіспеушіліктерді (қайшылықтарды) анықтауға жәрдемдеседі және конструкцияларды олардың өміршеңдігіне, функционалдық жарамдылығына және пайдаланушылық сапаларына алдын ала тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Жобаланатын объектінің құрылған ақпараттық 3D-моделі кейін басқа процестерді модельдеу (4/5/6-D) үшін негіз болады. Ол құрылыс конструкциялары мен бөлшектерінің барлық түрлерің жұмыс құжаттамаларын құру, әзірлеу және дайындау, технологиялық құрылғыға тапсырыс беру және монтаждау, экономикалық есептер, ғимараттың құрылысын ұйымдастыру, сондай-ақ әрі қарай пайдаланудың техникалық және ұйымдастыру-шаруашылық мәселелерін шешу үшін белсенді пайдаланылады.

Ғимараттың күнтізбелік кестесі мен моделінің синтезі ғимаратты салу процесі қаншалықты дұрыс жүргізілгенін көзбен көруге және арнайы құралдардың көмегімен тексеруге мүмкіндік берді. Сыныптаманың көмегімен әрбір элементті, құрылғыны және с.с. уақытша кезеңге бекітуге және жұмыстардың күнтізбелік кестесін (толық, сондай-ақ ірілендірілген көрсеткіштермен) қалыптастыруға болады.

Содан кейін бүкіл құрылыс процесін анимациялық бейнеролик секілді үзілістер мен белгілер жасау мүмкіндігімен көруге, процесті жалпы оңтайландыру үшін келіспеушіліктерді немесе ұстанымдарды анықтауға болады.

Сметалық экономикалық модель объект бойынша ақпарат көзі болып табылады және әрбір элементте элементтің құнымен, оның кеңістіктегі жай-күйімен, сыныптамасымен сипаттама сақтай алады. Электрондық түрде нақты конструкцияларды салудың құны мен уақытына нормативтер болса, екі дерекқорды (объект бойынша және нормалар мен бағалары бойынша)        қатар қолдануға және тікелей шығындардың сметасын қалыптастыру бойынша ыңғайлы құрал алуға болады.

Ғимаратты пайдалану кезінде ақпараттық модельдеу технологияларын пайдалану

Зерттеулер көрсеткендей, ВІМ-технологияларын пайдаланудың негізгі артықшылықтарының бірі энергия тиімділігімен жобалауды қолдану мүмкіндігі болып табылады, бұл кезде жобалаудың ерте кезеңдеріндегі болашақ құрылыс объектісіне кететін пайдалану шығындарын жеткілікті дәлдікпен есептеуге болады, ал жобалау шешімдерінің әртүрлі нұсқаларының есебінен ғимараттар мен құрылыстардың ең оңтайлы техникалық-экономикалық көрсеткіштеріне қол жеткізуге болады.

Сондай-ақ, модель нақты объектімен тікелей байланысты технологияларды пайдалана отырып, пайдалану саласында зерттеулер жүргізеді. Өмірлік циклдің бұл сатысындағы негізгі міндет ғимаратты мониторингілеу және пайдалану жүйесін қалыптастыру болып табылады. Жобалау кезеңінде алынған модель салынып біткеннен кейін барлық өзгерістер мен реконструкциялаудың қоймасы болып табылады. Ғимараттың ВІМ-моделі түріндегі барлық өзгерістер тарихы бола тұра, ғимараттың иесі немесе пайдалану қызметі жағдайды әрдайым толық бақылауға ала алады.  Ғимараттарды салу кезінде әртүрлі датчиктер орналастыру және осылайша, нақты конструкциялардың жобалау мәндерінен ақауларын қадағалау мүмкіндігі бар. Басқаша айтқанда, пайдалану моделі қауіпсіздік мониторингін, ағымдағы және жоспарлы жөндеуді, реконструкциялауды қоса алғанда жылжымайтын мүлікті басқаруды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.  

ВІМ-технологияларын (ҚСАМТ) құрылыс компанияларының пайдалану міндеттілігі

ҚСАМТ мемлекеттік инвестициялық-құрылыс жобаларын іске асыру қауіптерін азайтуға, мемлекеттік инвестициялар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен жылжымайтын мүлік объектілерін салу кезінде мүдделі тараптардың өзара іс-қимыл процестерінің айқындылығын жоғарлатуға және жақсартуға арналған құрал ретінде қарастырылатындықтан, ҚСАМТ міндетті пайдалану бойынша талаптар тек бюджеттік-инвестициялық жобаларға қолданылады.

Ақпараттық модельдеу технологиясы құрылыс саласының практикасына үш кезеңмен енгізілетін болады. 2017-2019 жылдарда стандарттарды ерікті түрде қолдану және әзірлеу, 2020-2021 жылдарда – технологиялық күрделі объектілерді жобалау көзделеді. 2022 жылдан бастап орындаушы модельдерді пайдалануға беру басталады.

ҚСАМТ енгізудің бұл кезеңінде сәулет-құрылыс қызметінің барлық субъектілерінің технологияларды міндетті пайдалануы туралы мәселе қозғалмайды. Ақпараттық модельдеу технологияларын Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік және азаматтық құрылысына енгізу тұжырымдамасының ережелеріне сәйкес мемлекеттік қаражаттың есебінен немесе олардың қатысуымен технологиялық күрделі объектілердің құрылысы үшін ҚСАМТ міндетті қолдану 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жоспарланып отыр. Бұл жауапкершілік деңгейі жоғары объектілер ретінде технологиялық күрделі объектілерге талаптарды арттыру қажеттілігінен туындап отыр.

Ағымдағы жағдай

2017 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі министрі Құрылыс объектілерін жобалау кезінде ақпараттық модельдеу технологияларын енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Осы құжатқа сәйкес, бүгінгі күні Қазақстан Республикасының құрылыс саласының ҚСАМТ-ға өту тұжырымдамасын, сондай-ақ екі нормативтік-техникалық құжатты әзірлеуді қоса алғанда, 34 іс-шараның 11-і іске асты.

Саланың ақпараттық модельдеуге өту тәсілдері мен мониторингін жасап шығару үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің базасында жұмыс тобы құрылды.

Бұдан басқа, іс-шаралар жоспарына сәйкес құзырет орталығы құрылды және ҚСАМТ мамандарын оқыту бойынша оқыту орталықтары дамып жатыр.

2018-2019 жылдары ҚСАМТ бойынша нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлеу бойынша жұмыс жалғасады. Құрылыс саласының өмірлік циклінің әрбір кезеңінде, оның ішінде сараптау және пайдалану кезеңінде ақпараттық модельдерге талаптар бойынша стандарттар жасалатын болады.

ВІМ-бағытталған сыныптаманы әзірлеу және ресурстық әдістің қолданыстағы сыныптамасымен үйлестіру жоспарланып отыр.

© 2020

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті